Ұлан ауданында 500-ге жуық адам онкология бойынша диспансерлік есепте тұр
instagram/vkood_uzvko
2024 жылдың үш айында ауданда қатерлі ісіктердің 24 жаңа жағдайы анықталды.
Көбінесе өкпе қатерлі ісігі, ұйқы безі қатерлі ісігі, сүт безі қатерлі ісігі жағдайлары кездеседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары онкологиялық қызметтің жай-күйіне мониторинг жүргізу және бағалау үшін Ұлан ауданына барды.
Мониторинг және бағалау тобы қатерлі ісіктердің ерте диагностикасын жақсарту мақсатында тұрақты негізде МСАК ұйымдарына консультациялық және практикалық көмек көрсетеді. Сапар барысында мамандар тексеру кабинеттерінің жұмысын және онкоскринингтер өткізу сапасын талдап, «Жасыл дәліз» жүйесінің қалай іске асырылып жатқанын тексерді, онкологиялық сақтық мәселесі бойынша МСАК мамандарына оқыту жүргізді, сондай-ақ пациенттерді тексерді.
Кадр тапшылығы – Ұлан ауданының онкологиялық қызметінің басты проблемаларының бірі. МСАК ұйымдарында терапевтер, жалпы практика дәрігерлері және орта медициналық персонал жетіспейді. Сондай-ақ, мониторингтік топ мүшелері скрининг пен кәсіби тексеруден өту мәселелері бойынша халықпен ақпараттық жұмыстың әлсіздігін анықтады.