Жыл сайын 2500 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады - ШҚО
Фото: carelide.com
Елімізде жылына шамамен 37 мыңнан астам адамда қатерлі ісік анықталады екен. Жалпы республикада қауіпті дерт бойынша ШҚО көп бастап тұрған көрінеді.
Бұл туралы Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде ШҚО онкология және хирургия көпсаласы орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оның айтуынша, өңірде жыл сайын орта есеппен 2500 жаңа қатерлі ісік диагнозы қойылады.
Жаhанды жалмаған жаман аурудың нақты себебін ешкім дөп басып айта алмай отыр. Десе де ақ халаттылар қатерлі ісікті ерте анықтауға болатын түрлі жолдардың бар екенін айтады. Оның бірі - жыл сайын скринингтен өтіп тұру. Елімізде 40 пен 70 жас аралығындағы әйел адамдар 2 жылда бір рет тегін скринингтен өтеді.
2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасында қатерлі ісікке қарсы күрес жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» жүзеге асырылған болатын. Нәтижесінде ҚР бойынша қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 15% - ға , ШҚО бойынша 15,3% - ға төмендеген.
Алайда облыс бойынша 2018 жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткіші 11,7% - ға өскені байқалады.
Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға қол қойған болатын.