«Қала дамуы – басты назарда»: Өскемен әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Красин және Лесхоз кенттерінің тұрғындарымен кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тұрғындар көтерген басты сұрақтардың бірі – жолдардың сапасы. Соңғы үш жылда бұл аймақта тоғыз негізгі көше асфальтталған. Алайда олардың сегізінің жабындысы қазірдің өзінде бұзылып, шұрық-тесікке айналған. Мердігер компания жөндеу жұмыстарын жүргізуге асықпай отыр, ал оның нақты құны әлі анықталған жоқ. Бұл мәселені шешу ТКШ бөліміне және тиісті мекемелерге тапсырылды.
Қоғамдық көлік те тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. №47 және №7 бағытындағы автобустар ескірген, жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін жиі бұзады, аялдамалар болса тым тар.
Қала әкімі бұл мәселенің шешімі бар екенін айтты.
Әкімнің айтуынша, Өскемен қаласы «Оңай» жүйесіне көшіп жатыр. Бұл қолма-қол төлемсіз жол жүруді жеңілдетеді. Осыған байланысты қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жолақыны 120 теңгеге көтеру мүмкіндігі қарастырылуда. Алайда, жеңілдігі бар азаматтар үшін бұрынғы шарттар сақталады, ал балаларға жол жүру тегін болады.
Сонымен қатар, қала басшысы жолаушылар көп жүретін аудандарда жылы аялдамалар орнату мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Қоқыс шығару да тұрғындар көтерген маңызды мәселелердің бірі болды. Қазіргі уақытта қалдықтар екі аптада бір рет қана шығарылады және толық көлемде жиналмайды. «ӨскеменСпецКоммунТранс» өкілінің айтуынша, бұл ауданда бар болғаны екі қоқыс шығаратын көлік жұмыс істейді, ал қызмет алдын ала төлем арқылы көрсетіледі.
Көше жарығының жеткіліксіздігі де тұрғындарды алаңдатып отыр. Памирская, Орманды және Сиреневая көшелерінде жарық мүлде жоқ немесе тым әлсіз.
Сонымен қатар, тұрғындар:
- балалар алаңын орнатуды;
- жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуді;
- ауыл зиратын абаттандыруды сұрады.
Кездесуде тұрғындар бос тұрған ескі қосалқы станцияның әлі күнге дейін бұзылмағанын айтып, оны үйсіз адамдар паналап жүргенін жеткізді. Бұл жағдай қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр.
Дегенмен, тұрғындар №230 автобус бағытының іске қосылғанына риза екенін айтып, көтерілген мәселелердің жақын арада шешілетініне сенім білдірді.
Кездесу соңында қала әкімі азаматтарды жеке қабылдады, ал салалық бөлімдердің өкілдері тұрғындарға өзекті мәселелер бойынша кеңес берді.
Екатерина Скударнова
Фото: Нелли Петнева