Риддердегі қоғамдық көлік мәселесі қашан шешіледі?
Фото: vk.com
Риддер қаласында бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бірі – қоғамдық көлік қозғалысының тұрақсыздығы.
Аталмыш мәселені шешу мақсатында жол жүру құны 130 теңгеге дейін көтерілген болатын, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Қаламызда 15 маршрут бар. Онда 14 автобус жүреді. Десе де, қоғамдық көліктер ескіргендіктен үнемі біреуі бұзылып қалып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Сол үшін 2023 жылдың басында қала әкімдігі Өскемен қаласындағы тасымалдаушы компаниялардың бірімен келісімшарт жасаған. Олар қыркүйек айында 20 бірлік автобус әкелуі керек, – дейді Риддер қаласы әкімінің м.а. Дархан Қоспантаев.
Оның айтуынша, Риддердегі маршруттарды толығымен жабу үшін барлығы 30 қоғамдық көлік қажет. Егер күзде жаңа көлік компаниясы автобустар әкелетін болса, барлығы 34 автобус қажеттілікті толығымен жабатын болады.
Сондай-ақ қала бюджетінде 93,3 млн теңгеге маршруттарды субсидиялауға қаражат жоспарланған.