ШҚО драма және оперетта театрының алғашқы гастролі: «Айсұлу» опера-комедиясы семейлік көрерменді баурап алды
Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры өзінің алғашқы гастролін еліміздің рухани астанасы – Семей қаласынан бастады. Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында көрерменнің сүйікті туындысына айналған Сыдық Мұхаметжановтың «Айсұлу» комедия-операсы сахналанды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қойылымды тамашалауға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Залда ине шаншар орын қалған жоқ. Кеш барысында театрдың солистері мен оркестрі, балет труппасының талантты бишілері және хор әртістері өз өнерін ортаға салды.
Музыкалық спектакльдің ерекше атмосферасын жасауда камералық оркестрдің еңбегі айрықша болды. Әуеннің әрбір нотасы көрерменді терең ойға жетелеп, жүрек қылын шертті. Әншілердің әсерлі дауысы мен кәсіби шеберлігі қойылымға жаңа реңк беріп, оның көркемдік құндылығын арттыра түсті.
«Айсұлу» – тек музыкалық қойылым ғана емес, қазақ мәдениетінің жауһары, ұлттық мұрамыздың асыл қазынасы. Оның сахнаға шығуы – дәстүр мен заманауи сахналық өнердің үндестігі, руханиятымызды сақтаудың және дамытудың маңызды көрінісі. Осынау әсерлі қойылым мәдени мұраны жаңғыртқан өнер туындысы болғаны рас.
Бұл кеш көрермендерге өнер құдіретін терең сезінуге мүмкіндік берді. Классикалық музыка мен сахналық іс-қимыл үйлесімі, хореография мен вокалдың үндестігі әрбір көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Әртістердің кәсіби шеберлігі – қойылымның табысты өтуінің басты кепілі
Музыкалық спектакльдің басты ерекшелігі – әрбір актінің, әрбір ән мен бидің қойылым табиғатына шеберлікпен еніп, тұтас бір көркемдік композицияға айналуы. Оркестр мен әртістердің кәсібилігі, балет труппасының биі – қойылымның шарықтау шегін айшықтай түсті. Қойылымның ыстық ықыласқа бөленуіндегі табыс кілті – әртістердің кәсіби шеберлігі екені сөзсіз.
Айрықша назар аударатын сәт – басты кейіпкер Айсұлу бейнесін сомдаған Ботагөз Жұмабекованың сахнадағы шынайылығы мен эмоционалды тереңдігі.
Алаштың рухани астанасында өнер көрсеткен ШҚО драма және оперетта театрының ұжымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Зал толы көрермен әртістерді ұзақ уақыт сахнадан жібермей, ерекше құрмет көрсетті. Бұл – жаңа театрдың өнерсүйер қауымның жүрегінен лайықты орын алғанының айқын дәлелі.
Айта кетейік, бұған дейін театр ұжымы Өскемен қаласында «MAMMA MIA», «Жарқанат» сынды әлемдік деңгейдегі қойылымдарды сахналап, көрерменнің қошеметіне бөленген болатын.
ШҚО драма және оперетта театрының бұл гастрольдік сапары – театр тарихындағы айтулы оқиға ғана емес, еліміздің мәдени өміріндегі маңызды қадам. Қазақ сахна өнерінің жаңа белесі басталған сәттің куәсі болған семейліктер үшін бұл кеш өнер мен руханияттың ерекше мерекесіне айналды.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова