Әскерден соң бірден тегін кәсіптік-техникалық білім алуға болады
Бүгін Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің 27943 әскери бөлімінде жауынгерлік міндетін атқарып жүрген сарбаздарға кәсіби бағдар беруге бағытталған іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ұйымдастырып отырған бұл шара 19 ақпан - 20 наурыз аралығында өтеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышёваның айтуынша, бұл шараның мақсаты - жұмысшы мамандықтарды насихаттау, әскер қатарындағы азаматтардың мамандық таңдауына көмек көрсету және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру.
Аталған жиынға әскери бөлімнің өкілдері, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің әлеуметтік серіктестері және еліміздің өзге өңірлерінен келіп, Шығыс Қазақстан облысында азаматтық борышын өтеп жүрген, кәсіптік-техникалық білім алуға ниеті бар сарбаздар қатысты.
Шара облыс кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен өңір экономикасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алу мүмкіндіктерін ұсынатын экскурсия, тренинг және кеңес беру форматында өтті.
Сарбаздар өңірдегі білім беру бағдарламалары, гранттар, құжат тапсыру мерзімі мен колледждерге қабылдау шарттары, сондай-ақ оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы ақпарат алды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Әсет Әділхан өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар жайлы айтса, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің директоры Исатай Исин сарбаздарды ақпараттық және инженерлік технологиялар, инженерлік графика, электроника, мехатроника, электр монтаждау жұмыстары, техник-энергетик, сондай-ақ жаңадан ашылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы және тағы да басқа бағыттар бойынша мамандық түрлерімен таныстырды.
Ал болашақта жас мамандарды жұмыспен қамтитын «Біріккен энергосервистік Компания» АҚ, «Казцинк» ЖШС және «Согра жылу-электр орталығы» ЖШС сияқты кәсіпорын өкілдері өндіріс орындарында қойылатын талаптар мен жасалатын әлеуметтік жағдайлар туралы толық хабардар етті.
Шара соңында « PROFI боламын» атты квест-ойыны ұйымдастырылып, оған қатысқан сарбаздар электроника, роботтық техника және баламалы энергетика тақырыптары бойынша білім-біліктерін ортаға салды. Үздіктер сертификатпен марапатталды.
Осындай кәсіби бағдар жұмыстары алдағы уақытта Өскемен қаласындағы барлық колледждерде жалғасын таппақ.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Аяужан Утеулинова