KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
522.91 548.85 5.05

My Pro: ШҚО-да қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? (видео)

16.04.2024, 14:14 2 215 Айжанат Бақытқызы

Өскеменде жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағыт-бағдар беруге арналған «My Pro» облыстық мамандықтар фестивалі басталды, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

ШҚО кәсіптік білім беру орталығының басшысы Ләззат Кездікбаеваның айтуынша, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өңір оқушыларына мамандық таңдауға көмектесу, сұранысқа ие қандай мамандықтар бар екені және сол мамандықтар бойынша қай оқу орнында білім алуға болатындығы жайлы ақпарат беру мақсатында фестиваль жыл сайын өткізіледі. Шара аясында оқушылар бейімділігіне қарай мамандық таңдауға дұрыс бағыт-бағдар алады.

Биыл Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің базасында өтіп жатқан шараға облыс орталығындағы мектептердің 8-11 сыныптарында оқитын үш мыңға жуық оқушы мен NEET санатындағы жастар қатысуда.

Екі күн бойы өтетін фестивальда оқушылар Өскемен қаласындағы аймақтық колледждер мен жоғары оқу орындарының өкілдерінен облыстағы  сұранысқа ие мамандықтар туралы мағлұмат алып, шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби диагностикадан өтетін болады.

«Облыс өндірісті аймақ болғандықтан негізінен металлургия, машина жасау, құрылыс саласы сияқты техникалық бағыттағы мамандар мен жұмысшы мамандар, ал шалғай ауылдарда педагогика, медицина мамандары тапшы. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жыл сайын мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылып отырады. Мысалы, былтыр мемлекеттік тапсырыс саны 5930 болса, биыл 6630. Яғни биыл мектеп түлектерін 10 пайызға көбірек қабылдауға мүмкіндігіміз бар»,- дейді ШҚО кәсіптік білім беру орталығының басшысы Ләззат Кездікбаева.

Орталық басшысының айтуынша, фестиваль екі түрлі форматта өтеді. Мәселен, аудандарда көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылса, облыс орталығында «My Pro» облыстық мамандықтар фестивалі түрінде өтеді.

«Бүгінгі шараға келген себебім – мамандықтар жайлы көбірек ақпарат алу. Қаламызда қандай жоғары оқу орындары мен колледждер бар екендігін көру. Менің таңдаған мамандығым – мұғалім. Өйткені, мұғалім мамандығы «өлмейтін» мамандықтар қатарында және әрдайым жұмыс табылады деп ойлаймын. Өзіме оқушыларға сабақ оқытып, мұғалім болған ұнайды. Қаламызда педагог мамандарды даярлайтын бірнеше колледж бен университет бар екендігін білдім», - деді Зәки Ахметов атындағы №16 мектептің 9-сынып оқушысы Ақбота Оразова.


Фото: Валерий Шведов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу