ШҚО-дағы барлық қауіпті аумақ тұрақты бақылауда
Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылына барып, су тасқынына қарсы жүргізілген кешенді іс-шаралармен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, мұндағы бөгетте жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп, гидротехникалық құрылыстың деңгейі қауіпті шектен жоғары көтерілді. Глубокое ауданы – қар қоры ең көп жиналған төрт ауданның бірі. Сондай-ақ Катонқарағай, Алтай және Марқакөл аудандарында да қар қалың жауды. Су тасқыны кезеңі өткеннен кейін Прапорщиковода Ертісті өз арнасына қайтару жұмыстары жүргізіледі, бұл жағалау маңындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, өңірдегі әр елді мекен бойынша төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмі жасалып, жауапты тұлғалар белгіленген. Күнделікті мониторинг жүргізіліп, тасқын келген жағдайда техникамен қамтамасыз ету үшін шаруа қожалықтарымен келісімдер жасалды. Облыстағы барлық қауіпті аумақтар тұрақты бақылауда.
Ажар Мұратқызы
Фото: Нелли Петенева