Гидротехникалық құрылыстар күндіз-түні бақылауда – ШҚО
«Қазгидромет» дерегі бойынша, 10 наурыздағы жағдай бойынша Глубокое ауданында қар жамылғысындағы ылғал қорының көрсеткіші орташа көпжылдық деңгейден жоғары. Мәселен, Секисовка ауылында тоңның қалыңдығы – 37 см, ал қардың қалыңдығы – 108 см, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Глубокое ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қазір өңірдегі жалпы гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзен-сулардың деңгейі қауіпті шектен төмен.
Қазір ауданда су басуы ықтимал 15 елді мекен бар.
Сондай-ақ 12 тонна дизель, 8 тонна бензин, 10 мың қап және 10 мұзжарғыш сатып алынған.
Кенттер мен ауылдық округтер әкімдіктеріне, ауданның бес өрт сөндіру бөліміне инертті материалдар толтыру үшін қаптар таратылып берілді. Су басу қаупі бар елді мекендерден 6,2 мың текше метр қар шығарылды.
Төтенше жағдай кезінде халықты уақытша орналастыратын жалпы сыйымдылығы 2 177 адамға арналған 30 эвакуациялық пункт жабдықталған.
Глубокое ауданында 24 гидротехникалық құрылыс бар, оның 13-і жергілікті атқарушы органның балансында. Қалғаны «Шығыс суқоймалары» КМК теңгерімінде. Гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізіледі.