Даниал Ахметов көктемде су басу қаупі төніп тұрған бес ауданды атады
ШҚО-да облыс әкімінің қатысуымен су тасқынының алдын алу және күресуге бағытталған өңірдің дайындық шаралары белгіленген жоспар талқыланды. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында жазды.
Бүгінде су тасқыны қаупі бар 94 елді мекен немесе 7191 тұрғын үй орналасқан 121 учаске анықталды. Мамандардың айтуынша, су басу қаупі Өскемен қаласы, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое және Бородулиха аудандарында орта деңгейден жоғары.
Үлбі, Таулы Үлбі, сондай-ақ Ертіс өзенінің Өскемен СЭС-нан Шүлбі су қоймасына дейінгі тұсында жүргізілген аэровизуалды зерттеу жағдайдың тұрақты екенін көрсетеді, алайда мұз қату байқалады. Облыс өзендерінің басым бөлігіндегі мұздың қалыңдығы 2018-2020 жылдардың көрсеткіштерінен жоғары. Бұқтырма өзенінде 60-тан 70 см-ге дейінгі аралықта. Қауіпті төмендету мақсатында Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Уба өзендерінде мұзды ұсақтау бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 18 учаске анықталды.
- Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге облыстық бюджеттен бірінші кезекте жарылыс және жағалауды нығайту жұмыстары үшін қажетті қаражат бөлінетінін атап өткім келеді. Сонымен қатар, барлық су қоймалардағы судың деңгейін бақылауды тоқтатпау қажет, оның ішінде Қазсушаруашылығына қарасты аумақтар да бар, - дейді Даниал Ахметов
Сондай-ақ, бірқатар аудандарда жердің қатуы бір жарым метрге жеткен. Жалпы, жердің қатуының орташа деңгейі өңірде 32-ден 97 см болса, қардың биіктігі 5-тен 40 см-ді құрайды. Бұл жердің әлі де қататынын аңғартады.
- Өткен жылдарда болған су тасқынын ескере отырып, әкімдерге комиссия құру және алдын алу іс-шараларын бүгіннен бастау тапсырылды. Эвакуациялық пункттерді дайындап, оларды белгіленген талаптарға сәйкес жабдықтау қажет. Барлық тапсырмалардың орындалуын жұмыс тобы әр аудан және елді мекен бойынша жеке-жеке тексереді, - деп жазды облыс әкімі.
Айта кетейік, 10 ақпаннан бастап су басу қаупі бар учаскелерді тексеру, сондай-ақ облыс аумағындағы гидрологиялық жағдайға аэровизуалды мониторинг жүргізу жұмыстары басталады.