Отандық конькиші алғаш рет Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті

Қазақстандық конькиші Евгений Кошкин алғаш рет мансабында Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды. Польшадағы Томашув-Мазовецкиде өткен жарыста ол 500 метрлік қашықтықта 34,52 секунд нәтиже көрсетіп, үздік атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Екінші орынды канадалық Лоран Дюбрей (+0,18), үшінші орынды польшалық Марек Каня (+0,24) иеленді. Осы дисциплинадағы Әлем кубогының көшбасшысы және көп дүркін әлем чемпионы америкалық Джордан Штольц бесінші орынға тұрақтады (+0,32).
Евгений 60 рейтингілік ұпай жинап, енді 500 метрлік жарыстың жалпы есебінде 17-орында тұр. Бұл – 22 жастағы спортшының мансабындағы алғашқы Әлем кубогы медалі. Бұған дейін ол Польшадағы кезеңде 500 метрлік қашықтықта екінші деңгейдегі дивизионда жеңіске жеткен болатын.
Сонымен қатар, бұл – биылғы маусымда Қазақстан құрамасының конькимен жүгіру спорты бойынша Әлем кубогындағы алғашқы алтыны.
Фото: Сали Сабиров / ҚР ҰОК