Финляндияда Әлем кубогы - фристайлшыларымыз әзірге жүлдесіз
Финляндияның Рука қаласында фристайлдың могул түрінен 2019-2020 жылдарғы Әлем кубогының тұсауы кесілді. Жылдағыдай аталмыш сыннан шығысқазақстандық спортшылар да тыс қалмауда. Алайда, бұл жолы Юлия Галышева да, Дмитрий Рейхерд те жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Екі күнге созылған додада үздік нәтижені Рейхерд көрсетті. 58 саңлақ қатысқан сайыста алдына канадалық Микаэль Кингсбери (90,80 ұпай), жапониялық Икума Хоришима (87,39 ұпай) мен швециялық Уолтер Уолберг (86,83) ғана жіберген Дмитрий төртінші орынға ие болды. Өскемендік фристайлшының нәтижесі 80,64 ұпайды құрады. Қалған жігіттерімізге келер болсақ, Павел Колмаков 10-шы, Александр Геберт 34-ші, Константин Горлачев 45-ші, ал Сергей Романов 49-шы орынды қанағат тұтты.
Финляндия жерінде қыздарымыздың да жолы болмады. Атап айтсақ, бұл сында 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева небары 12-ші орыннан көрінсе (47,62 ұпай), Аяулым Әміренова 23-ші нәтиже көрсетті (58,61 ұпай). Бір қызығы, мұндай байрақты бәсекеге алғаш рет қатысқан өрімдей жапон қызы Анри Кавамура бірден жүлдеге ілікті. Олимпиада чемпионы франциялық Перрин Лаффоннан бар болғаны 1,46 ұпайға қалып қойған 15 жастағы спортшы Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері атанды.