KZ
Өскемен
снегопад жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Шығысқазақстандық спортшы Әлем кубогы кезеңінің жүлдегері атанды

Фото: olympic.kz

12.03.2024, 11:09 137 Нұржан Кенжеұлы

Фристайлдың могул түрінен ұлттық құраманың үздігі Павел Колмаковтың қоржыны тағы бір жүлдемен толықты.

Өскемендік могулшы Алматыда мәресіне жеткен Әлем кубогының кезеңінде тамаша өнер көрсетіп, жарыстың күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Параллельді могул бағдарламасында сынға түскен Павел жартылай финалда фин мықтысы Сивери Виерелладан басым түсті. Ал финалда жерлесіміз кез келген жарыстың фавориті саналатын канадалық Микаэль Кингсбериге жол берді.

Айта кетейік, бұл – Павел мен Кингсбери арасындағы параллельді могул аясындағы алғашқы текетірес емес. Қос мықтының жолы былтыр Грузияда өткен Әлем чемпионатының жартылай финалында түйісіп, ол сында да канадалық спортшының мерейі үстем болған.

Осы ретте Алматыдағы жарыста Микаэль Кингсбери екі алтын медаль жеңіп алғанын айту керек. Алдымен параллельді могул сайысында топ жарған канадалық артынша жекелей сында да қарсылас шақ келтірмеді.

Байрақты бәсекеде күміс медаль иеленген Павел Колмаков үшін бұл – ресми халықаралық жарыстарда иелік еткен алтыншы жүлде. Ол бұған дейін 2013 жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алса, екі жылдан кейін өткен Универсиадада алтыннан алқа таққан болатын. Сонымен қатар, жерлесіміздің еншісінде 2017 жылғы Универсиада мен дәл сол жылғы Әлем кубогы үшін жарыс кезеңінің қола жүлделері де бар. Бұған қоса, Павел Колмаков 2021 жылы еліміздің Шымбұлақ тау-шаңғы курортында ұйымдастырылған Әлем чемпионатында өз мансабында алғаш рет жаһан біріншілігінің қола медалін жеңіп алған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив