Еріктілердің көмегімен облыста 740 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделді (видео)
«Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылғаннан бері еріктілердің көмегімен облыста 740 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделіп, мемлекет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Заң және тәртіп» нарративін насихаттау аясында Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлерге арналған облыстық семинар-тренинг өтті. «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қоғамды осы мәселеге барынша тарту мақсатында 2023 жылы іске қосылған.
Семинарды облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов ашып, еріктілердің бюджет қаражатын бақылаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Семинар барысында студенттер мен еріктілер «Жүректен іске: қоғамдағы волонтерлердің рөлі», «Риясыз көмек психологиясы: волонтерліктің жеке тұлғаны қалыптастырудағы маңызы», «Саналы ұрпақ: жастар волонтерлікті қолдайды» және «Музыканттар жалғандыққа қарсы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мәдениетті қолдану» тақырыптары бойынша пікір алмасты.
Спикерлер волонтерліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлі мен әділ қоғам құрудағы маңызын атап өтті.
Іс-шара соңында ең белсенді антикор-волонтерлер қоғам игілігіне қосқан үлесі үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының грамоталарымен марапатталды.
Фото: Нелли Петенева