Өскемен қаласындағы математика, физика,и нформатика саласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Елена Пахомова – «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпазы. Отыз жылға жуық ұстаздық тәжірибесі бар Елена Евгеньевна – «Шығыс Қазақстан облысының еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісінің иегері. Ол мамандығының қыр-сырымен бөлісіп, өз тәжірибесі туралы баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Елена Пахомова 1995 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдап, содан бері осы мектепте ұстаздық етіп келеді.
– Біздің мектебімізде «Үздік педагог» атағына ие болған төрт мұғалім бар. Солардың бірі – Елена Евгеньевна. Ол өте шығармашыл әрі тәжірибелі ұстаз. Оқушылармен бірге ғылыми жобалар жазуға ерекше көңіл бөледі. Әрқашан өзін-өзі жетілдіріп, жаңа білім алуға ұмтылады. Отыз жылдық тәжірибесіне қарамастан, үйренуден жалықпайды, – дейді мектеп-лицей директоры Светлана Тинькова.
Өткен оқу жылының соңында Елена Евгеньевнаға «Үздік педагог – 2024» байқауына қатысу туралы ұсыныс түскен.
– Алғашында қатты қобалжыдым. Өз күшіме сенімсіздік болды. Бірақ дайындық басталған сәттен бастап бұл сезімдердің бәрі артта қалды. Қазір мен әрбір мұғалімге осындай байқауларға қатысуға кеңес беремін. Себебі әр педагог өзін лайықты деңгейде көрсете алады. Бұл сайыстар кәсіби өсуге, жаңа білім игеруге, үздік нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен, педагог өзінің жетістіктері, әдістемелік жұмыстары мен авторлық бағдарламалары қамтылған портфолио ұсынды. Кейінгі кезеңде, Астана қаласында, оған белгісіз сыныпта ашық сабақ өткізу тапсырылды.
– Бақытыма орай, пәнді өзім таңдай алдым. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде сабақ беретін пәндерім көп болғанымен, өзімді ең сенімді сезінетін математиканы таңдадым. Сабақ толықтай жаңа сыныпта өтті. Соған қарамастан, жоғары балл жинап, жеңімпаз атандым, – деп еске алады Елена Евгеньевна.
Ұстаз болу – бала кезден бергі арманы екенін айтқан Елена Евгеньевна бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істеу ерекше ұнайтынын атап өтті.
- Олардың шынайылығы, ашықтығы ұнайды. Мұғалімге бар сырын айтып береді, олармен тез тіл табуға болады. Менің шәкірттерім – менің мақтанышым. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, олардың халықаралық олимпиадаларда жетістіктері бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, мұғалім үшін ең маңызды қасиет – адамгершілік.
– Әр оқушының тек мықты тұстарын ғана емес, әлсіз жақтарын да түсіну қажет. Балаларға мейіріммен қарап, ата-аналармен де дұрыс қарым-қатынас орната білу – тәжірибелі ұстаздың басты қағидаларының бірі, – деп түйіндеді Елена Евгеньевна.