Үздік педагогтер 1000 АЕК көлемінде сыйақы алды
![](/kz/uploads/posts/2024-10/5249327377727744092.webp)
t.me/oqu_agartu
Республика күні қарсаңында елордада «Үздік педагог - 2024» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Биылғы жылы аталған байқауға мектептер мен колледждерден барлығы 1750 мұғалім қатысып, оның ішінде 64 педагог өз ісінің үздігі болып танылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Еліміздің бас ұстазы әріптестерін салтанатты жағдайда құттықтап, қоғамдағы ұстаз рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын қазақстандық ұстаздар халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, биылғы жылы біздің оқушыларымыз әлемдік беделді пәндік олимпиадаларда 26 медаль жеңіп алды және бұл жүлделердің екеуі алтын медаль екенін айта кеткен жөн.
Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3,6 млн теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.
Сондай-ақ Республика күніне арналған салтанатты шарада оқу-ағарту жүйесінің бірқатар қызметкерлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да ведомстволық наградалар тапсырылды.
Анықтама үшін: «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық педагог үздік деп танылды, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына ҮЕҰ, ата-аналар қоғамының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және т.б. кіреді.