ШҚО: Өскемен – Самар тас жолында қар көшкіні түсірілді (видео)
Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен – Самар тас жолының 132-137 шақырымында қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілді. Бұл аумақ қар көшкіні қаупі жоғары аймақтардың бірі болып саналады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазселденқорғау" мамандарының айтуынша, бұл өңірдегі жер бедері күрделі әрі қардың жиналуына бейім. Сондықтан алдын алу шарасы ретінде 4 жарылыс жасалып, нәтижесінде 1330 текше метр қар көшкіні түсірілді. Бұл өз кезегінде табиғи жолмен қардың түсу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Шығыс Қазақстан – қар көшкіні қаупі жоғары өңірлердің бірі. Мұнда "Қазселденқорғау" облыстық филиалы қызмет көрсететін аймақта 93 шақырым автожол қар көшкіні жүру ықтималдығы бар аумақта орналасқан. Қыс мезгілінде бұл аймақтарда қар жамылғысы қауіпті деңгейге жетіп, арнайы бақылау мен алдын алу жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға таулы аймақтарға барар алдында ауа райы болжамын мұқият тексеруді ескертеді. "112" қызметінен келетін дауылды ескертулерге назар аударып, қар көшкіні қаупі бар маршруттардан аулақ болу қажеттігін айтады.
Мамандардың мәліметінше, қар көшкіні көбінесе қар жиналатын биік таулы аудандарда жүреді. Оның түсуіне ұзаққа созылған қарлы жауын-шашын, ауа температурасының кенет өзгеруі, қардың жылдам еруі, шаңғышылар мен туристердің қар беткейін кесіп өтуі, қатты дыбыстар мен беткейлерден сырғанау себеп болуы мүмкін. Сондықтан қарлы маусымда сақтық шараларын ұстану аса маңызды.