KZ
Өскемен
-22°
пасмурно жел 1 м/с, СШ
514.31 603.03 6.4

Шығыста «Абайдың Тоғжаны» – сұлулық пен парасат бәйгесі өтті

6.03.2025, 14:00 1 014 Гульжан Мусина

Шығыс даласында сұлулық пен руханият үндескен ғажайып кеш өтті. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай, А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Абайдың Тоғжаны» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Бұл шара тек сыртқы сұлулықты дәріптеумен шектелмей, жастардың ішкі жан дүниесінің байлығын, ақыл-ойын, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін паш етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Байқауға 16-25 жас аралығындағы жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысты. Қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті:

«Әсемпаз болма әрнеге» – өзін-өзі таныстыру кезеңі, мұнда бойжеткендердің тұлғалық ерекшеліктері, сенімділігі мен харизмасы бағаланды.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» – шығармашылық кезең, онда Абайдың жауһар жырлары оқылып, қара сөздері мен әндері орындалды.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» – қатысушылардың ақыл-парасатын сынайтын интеллектуалды сайыс.

«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» – ұлттық киім үлгісін көрсету кезеңі, мұнда бойжеткендер қазақ халқының мәдени мұрасын сән мен көркемдік арқылы жеткізді.

Байқаудың әділ қазылар алқасы қазақ мәдениеті мен білімінің майталмандарынан құралды. Қатысушылардың өнері мен біліміне әділ баға беріліп, әрқайсысының дарыны ерекше аталып өтті.

Байқау нәтижесінде келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:

«Көрермен көзайымы» – Бағыдашай Мерей (Герасимовка орта мектебі);

«Тапқыр қыз» – Жәнібекова Жанель (№49 мектеп, Өскемен);

«Көрікті қыз» – Шемпаева Рината (№42 мектеп, Өскемен);

«Дарынды қыз» – Абылмажинова Аяулым (Абай атындағы ШҚ гуманитарлық колледжі).

Жүлделі орындарға ие болғандар:

III орын – Нұрланқызы Шұғыла (Абай атындағы ШҚ гуманитарлық колледжі);

II орын – Ақиқатқызы Іңкәр (Ахмер орта мектебі);

I орын – Кульчарова Зарина (Қалжыр орта мектебі);

Бас жүлде – Серік Іңкәр (Қазақстан Американдық Еркін университеті).

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, сондай-ақ қаламыздағы сұлулық салондарының арнайы сертификаттарымен марапатталды.

«Абайдың Тоғжаны» байқауы – сұлулық пен парасаттың үйлесімін танытатын рухани маңызы зор шара. Бұл тек өнер сайысы ғана емес, жастарды ұлттық құндылықтарға жақындататын, Абай мұрасын қайта жаңғыртатын мереке болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу