ТЖМ ескертеді: тауларда көшкін қаупі күшейді
Көктемнің келуімен қар еру үдерісі жеделдей түсіп, Қазақстанның таулы аймақтарында көшкін қаупі күрт артуда. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) азаматтарды барынша сақ болуға шақырып, бірқатар қауіпсіздік шараларын ескертіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарының аумақтарындағы Қазақстан Алтайы, Іле, Жетісу, Талас Алатауы мен Қаратау жоталары көктемгі маусымда аса көшкін қауіпті аймақтарға айналады. Наурыз-сәуір аралығында көшкіндердің өздігінен түсу жағдайлары жиілейді, бұл әсіресе температураның күрт өзгеруі, қалың қар мен боран болған жағдайда жиі байқалады.
Алматы қаласы мен ШҚО тауларында қазірдің өзінде көшкіндердің жиі түсуі тіркеліп отыр. 2025 жылғы көшкін маусымы басталғалы бері жалпы көлемі 11 754 м³ болатын 35 өздігінен түскен көшкін орын алған.
Қауіптің алдын алу мақсатында ТЖМ тарапынан 94 профилактикалық көшкін түсіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар шамамен 131 151 м³ көлеміндегі қар массасының жоспарлы түсуіне мүмкіндік берді.
Министрлік мәліметінше, таулы жерлерде жүрген туристер, тау шаңғышылары мен альпинистер ең жоғары қауіп аймағында болады. Сондықтан ТЖМ өкілдері тұрғындар мен қонақтарға төмендегідей кеңес береді:
- Көшкін қаупі жоғары кезеңде қарлы беткейлерге барудан бас тарту;
- Қар жамылғысы тұрақсыз болған кезде тауға шықпау;
- Қар көшкіні кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйрену және сақтау.
Қауіпсіздік – әр адамның өз қолында. ТЖМ кеңестерін тыңдау арқылы өз өміріңізді де, өзгелердің амандығын да сақтай аласыз.