Өскемен жаңа жұмыс кестесіне көшеді
2025 жылғы 20 наурыздан бастап Өскемен қаласында мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдар үшін жаңа жұмыс кестесі енгізіледі. Бұл туралы ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қалалық әкімдікте өткен жиында мәлімдеді. Жаңа тәртіп бойынша жұмыс күні таңғы 08:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады. Түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін созылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жаңашылдық ШҚО-ның басқа аудандарында қолданылған оң тәжірибеге негізделген. Мұндай өзгерістер қызметкерлердің жұмыс тиімділігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жиынға 300-ге жуық адам, оның ішінде мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылау барысында тұрғындар жұмыс күнінің ерте басталуы уақытты тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өскемен – Шығыс Қазақстан облысында жаңа жұмыс кестесін енгізген соңғы қала. Жергілікті билік бұл қадам мемлекеттік мекемелердегі жұмыс процесін жүйелеуге, тұрғындардың еңбек және демалыс жағдайларын жақсартуға ықпал етеді деп есептейді.
Фото: Даниил Суворов