«Күй күмбірі» республикалық челленджіне ШҚО-дан 120 оқушы қатысты
Бүгін сағат 11:00-де еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы және «Наурызнама» іс-шаралары аясында республикалық #Күйкүмбірі челленджі өтті. Бұл ауқымды шараға Шығыс Қазақстан облысынан 120 оқушы қатысып, өнерімен ерекшеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Челлендждің басты мақсаты – жас ұрпақтың рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыру, патриоттық рухты нығайту, мәдени мұрамызды сақтау және домбыра тарту өнерін кеңінен насихаттау. Ұлттық аспап арқылы халқымыздың бай музыкалық мұрасын танытуға бағытталған бұл бастама алғаш рет 2023 жылы ұйымдастырылып, содан бері ел көлемінде маңызды мәдени оқиға ретінде өз орнын тапты.
Аталған шара барысында қатысушылар тек домбырада ғана емес, дауылпаз, шертер сынды көне аспаптарда да әйгілі күйлерді орындап, ұлттық өнердің көпқырлылығын паш етті. Шара көрермендер мен әлеуметтік желі қолданушыларының оң бағасын алып, балалардың өнерге, әсіресе дәстүрлі музыкаға деген қызығушылығын арттырды.
#Күйкүмбірі – бұл жай ғана челлендж емес, ол – ұлттық сана мен руханиятты жаңғыртудың жарқын көрінісі. Осы арқылы еліміздің ертеңі саналатын жас буын ата-баба аманатына адал болуға, мәдениетімізді қадірлеуге, өнерді құрметтеуге үйренеді.
Наурыз мерекесінің аясында өткен бұл челлендж жаңару мен жаңғырудың нышаны, береке мен бірліктің үні, күйдің күмбірі арқылы жүректерге жол тартқан рухани сабақ болды.