Өскемендегі «Рауан» фабрикасы Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша табылмайтын, мүмкіндігі шектелген және отадан кейін төсек тартып жатуға мәжбүр болатын жандарға артап, өте сапалы, әрі арнайы бейімделген киім-кешек тігумен айналысады.
Сіз үйге, жұмысқа киетін киім біреу үшін ыңғайсыз және қолайсыз болуы мүмкін деп ойлап көрдіңіз бе? Қоғамда ерекше қажеттіліктерді талап ететін адамдарға ыңғай болу үшін көшелерде сары жолақтар, пандустар және басқа да дүниелер ойластырылып жатқан сияқты, бірақ ең қарапайым, әрі ең қажетті – киім әлі толық бейімделіп, әзірленбеген екен.
Көптеген ата-аналар церебральды сал ауруы, спастика және басқа да ерекшеліктері бар балаларға киім таңдау проблемасына тап болады. Кәдімгі киім ыңғайсыз, оны кию да қиын, ал ұзақ киіну процесі баланың мазасын қашырып жіберуі мүмкін.
– Біз сияқты киім тігетіндер, тіпті әлемде жоқ. Бізде тек бір ғана бәсекелес бар – Қазан қаласындағы ателье. Онда бір әйел ерекше балаларға киім тігумен айналысады, бірақ ол тек ателье болғандықтан, олардың өндіріс көлемі біздікіндей емес. Дегенмен, біздің қазақстандық аналарымыз, біз жайлы білмей, сол қазандық ательеден киім сатып алып жатады, – деп атап өтті «Рауан» тігін фабрикасының директоры Алия Адамова. – Мен өзім Алматыға барып, Алматы қаласының Ерекше балалардың ата-аналары одағы төрайымымен сөйлестім. Ол бізді қолынан келгенше қолдайтынын айтты. Себебі олар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған маркетплейс ашуды жоспарлаған, бірақ, өкінішке орай, әзірге жүзеге асыра алмай отыр.
Қазақстан ғана емес, әлем нарығында бәсекелесі жоқ «Рауан» фабрикасы мүмкідігі шектеулі адамдарға, балаларға арнап киім-кешек тігіп отырғанымен, оның саудасы жүрмек түгіл, сұранысы аз. Себеп – Қазақстанда мұндай тауарлар нарығы іс жүзінде жоқ.
– Ерекше балаларға арналған киімдердің өндірістік сертификаты да, санаты да жоқ. Бізде Stek Izet сертификаты бар, алайда мұндай киімді еш жерден таппайсыз. Мәселе мынада, маркетплейстерде «ерекше балаларға арналған киім» немесе «мүгедек балаларға арналған киім» санаты жоқ, сондықтан біздің өнімдерді табу қиын. Егер сіз «балалар комбинезоны» деп іздесеңіз, сізге 2000 модель шығады және олардың арасында біздің өнімдер көрінбей қалады. Бір платформада да ерекше балаларға арналған киім санаттары жоқ, бйімделетін киім жоқ. Біз Ozon, Kaspi сынды сауда платформаларына киімдерді жүктейік десек, ол жақта бізге қажетті санат жоқ. Мен өзім кіріп, онда өз өнімдерімді таба алмаймын. Іздесем де, шықпайды. Мемлекеттік сатып алуларда да мұндай санат қарастырылмаған, коды жоқ, – деп қосты Алия Адамова.
Фабрика тігіншілері ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы киімдерді, яғни, толығымен ашылатын комбинезондар, қозғалысты шектемейтін, жеңіл киілетін ыңғайлы жейде, шалбарлар, киіліп-шешілуі реттелетін ыңғайлы аяқ киімдерді өз тәжірибелеріне, ата-аналардың өтініштеріне сүйене отырып тігуде.
– Киімнің сапалы материалдардан тігілуі біз үшін маңызды. Мақтаның отаны Өзбекстан болғандықтан, негізгі өнімдерді сол жақтан аламыз, Бішкектен де тапсырыс береміз, – деді фабрика басшысы. – Біз оңалту орталықтарымен ынтымақтасамыз. Бізді бұрыннан білетін аналар бізге келеді. Тігіншілер олардың сұранысына сай киімдер тігіп беруде.
Фабрика мансаптық орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұнда адамдар тікелей жұмыс орнында оқытылып, жаңа кәсіпті игеруге мүмкіндік алады. Мұндай тәсіл кәсіпорынды тек өндіріс орны ғана емес, білім беру алаңына айналдырады.
– Біздегі тігіншілердің басым бөлігі көпбалалы аналар. Аналардың жүрегі кең ғой. Олар барлық балаларға көмектескісі келіп отырады. Өздері түрлі бастама көтереді. Мысалы, биылғы жаңа жылға біз аутизмі бар балаларға арналған ұсақ маториканы дамытушы жұмсақ виз-текшелер (визы-кубики) сыйладық. Оларды қыздар қалдық материалдардан әзірлеп шықты, – деп атап өтті Алия Адамова.
«Рауан» фабрикасы – тек киім шығаратын орын ғана емес, сонымен қатар игі істер мен бастамалар жүзеге асатын мекен.Ал мұндағы тігіншілер үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл болашаққа қосылған үлес, жанашырлық және әлемді мейірімді етуге деген ұмтылыс.
Фото: Аяужан Утеулинова