Бас Прокурор: «Қоғамдық қауіпсіздік іс жүзінде қамтамасыз етілуге тиіс»

Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асылов елдегі құқықтық тәртіпті нығайту және қылмыстың алдын алу бойынша кеңес өткізді. Жиында жасөспірімдер қылмысының артуы, жол-көлік оқиғаларының көбеюі және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Берік Асылов қоғамдық орындардағы қауіпсіздікке ерекше назар аударды. Оның айтуынша, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуі тек сөз жүзінде емес, нақты істермен қамтамасыз етілуі керек.
Кеңесте жол-көлік оқиғаларының күрт өсуі де ерекше назарға алынды. Статистикаға сәйкес, бір жылда апаттар саны 67 пайызға, жарақат алғандар саны 79 пайызға артқан. Әсіресе Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстарында жағдай күрделі.
Бас Прокурордың мәлімдеуінше, Талғар мен Рудный қалаларында халықаралық сарапшылардың қатысуымен қауіпсіздік мәселелерін талдайтын пилоттық жоба іске қосылмақ. Бұл бастама жергілікті құқық қорғау органдарына қылмыстың алдын алу мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірлердің криминологиялық паспорттарын әзірлеу, уәкілетті органдармен бірлесіп мектептерде құқықтық мәдениетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.