KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОБ
518.57 566.59 6.05

ШҚО: Аймақтағы жас ғалымдарды қолдауға жағдай жасалынады

4.04.2025, 13:00 168 Жанаргүл Көкенайқызы

«AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанаты облыстағы жас ғалымдармен кездесіп, олардың ғылыммен айналысуына тиімді жағдайлар туғызудың мүмкіндіктерін, елімізде ғылымды дамытудың болашағын талқылады, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесуге келген жас ғалымдар, облыстағы жоғары оқу орындарының оқытушылары алдымен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылыми орталықтарына экскурсия жасап, жоғары оқу орнының ғылыми жетістіктерімен танысты.

Шара барысында аймақтың ЖОО-дағы, өндірістеріндегі жас ғалымдар «Қазақстан ғылымындағы жас ғалымдардың рөлі» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстел басына жиналды.

– Жас ғалымдар, оның ішінде әйел ғалымдар елімізде ғылыми атмосфераны қалыптастыруда және инновацияларды енгізуде, жалпы қоғамның дамуына ықпал етуде маңызды рөл атқарып келеді. Олардың ғылыми-зерттеулерге қатысуы елге пайда әкеліп, жетістіктері ғылым мен зерттеудің түрлі салаларына елеулі үлес қосуда. Біз бүгін ШҚТУ-дың ғылыми орталықтарында болып, түрлі ғылыми жетістіктерімен таныстық. Мұнда аса маңызды ғылыми жоба – медициналық титан импланттарын жасау жобасы жүзеге асырылып жатқанын көрдік. Өкінішке қарай, титан өндірісі өзімізде бар бола тұра, титан шикізатын шетелге шығара отырып, оның дайын өнімдерін, медициналық титан өнімдерін әлі шетелден қымбатқа сатып алып жатырмыз. Жаңа медициналық титан импланттарын медицинада қолдана алмай отырмыз. Бұл мәселені, осы титан импланттарын отандық медицинада пайдаланудың мүмкіндіктерін қарастыруды және оны сертификаттау мәселесін Үкімет деңгейінде көтереміз, – деді дөңгелек үстелге қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким өндірісті өңірдің ғылымын дамытуға, жас ғалымдардың жобасын жүзеге асыруға қатысты көтерілген қадау-қадау мәселелердің сөз жүзінде қалмайтынын айтып.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрайымы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, ғылымды дамыту – «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанаты жұмысының 10 басым бағыттарының бірі болып келеді. Партияның әйелдері қоғамның прогрессивті өкілдері ретінде ғылымды насихаттауға және ғалымдардың мәртебесін арттыруға белсене қатысуда.  Өндірісте еңбек ететін әйелдердің еңбек қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау да партия жұмысының маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан ғылымға жан-жақты қолдаулар көрсетуді елімізді дамытудың стратегиялық міндеттерінің бірі етіп қойып отыр. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қаржыландырудың көлемін ұлғайту және тетіктерін жетілдіру, ғылыми ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғырту шаралары белсенді жүргізіліп, шетелде тағылымдамадан өтетін жас ғалымдардың саны ұлғаюда, докторантураға және ғылыми зерттеулерге бөлінген гранттар саны артып келеді. Ғылымды дамытуға, жас ғалымдарға қолдау көрсетуге орай  қолданыстағы ғылым, білім саласындағы құқықтық-нормативтік заңдылықтарға толықтырулар да енгізіліп жатыр.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина кездесуде жас ғалымдарға қолдау көрсету шараларының жалғаса беретінін, жобаларды қаржыландырудың, өндіріске енгізудің мүмкіндіктері қарастырылып, жас ғалымдардың шығармашылығына жағдай жасау жалғасын табатынын атап өтті. Былтыр аталған оқу орнында мемлекеттік «Жас ғалым» бағдарламасымен 290 жас ғалым жеңілдікпен пәтер сатып алған. Қазіргі күні де пәтер алуға құжаттарын дайындап жатқан жас ғалымдар бар.

Кездесу соңында жас ғалымдар «AMANAT» партиясы қатарына қабылданды.

Жанаргүл Көкенайқызы

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу