ШҚТУ-да іскерлік кездесу өтті
Фото: ШҚО ТЖД
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ЖОО ғалымдарының, ШҚО ТЖД басшылығының және «Қазселденқорғау» мамандарының іскерлік кездесуі өтті.
ШҚО ТЖД ақпараты бойынша, ғалымдар өңірде алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін көшкін қаупі мониторингінің дербес автоматтандырылған жүйесін әзірлеу жөніндегі жобасымен таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жұмыс 2021 жылы ШҚО ТЖД бастамасымен ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум және «Сел, сырғыма және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар» жол картасы шеңберінде басталды.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалары бойынша қаржыландырылды.
Қазіргі уақытта облыс аудандары бойынша қар көшкіні қаупі бар учаскелерге сипаттама жүргізілді, олар үшін қар өлшеуіш маршруттар әзірленді. Олар- Өскемен, Алтай, Катонқарағай және Риддер учаскесі.
Кездесу барысында ағымдағы жылдың қысқы кезеңіне жоспарланған Глубокое ауданында мониторинг жүйесін орнату мәселесі талқыланды.
ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов ғалымдармен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, бұл облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік беретіндігін атты.