KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 4 м/с, ОШ
515.03 584.82 6.24

ШҚО полицейлері көпқабатты үйдегі өртті сөндірді

8.04.2025, 11:30 159 Төлеуғазы Жансая

Шемонаиха ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдегі өртті дер кезінде сөндіріп, үлкен апаттың алдын алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Полиция капитаны Жанболат Қажымұқанов пен лейтенант Қуат Бөкенов шақырту бойынша кезекшілік атқарып жүргенде өтіп бара жатқан тұрғындардан төртінші қабаттағы балконда өрт шыққанын естиді. Оқиға орнына дереу жеткен олар жалынды сөндіруге кіріседі. Ол кезде от үшінші қабатқа қарай тарала бастаған еді.

Тәртіп сақшылары төртінші қабаттағы жалынды ауыздықтады. Алайда үшінші қабаттағы пәтердің есігі жабық болғандықтан, ішке кіру мүмкін болмады, тұрғындар үйде болмаған.
Уақыт жоғалтпай, капитан Жанболат Қажымұқанов өз өміріне қауіп төнсе де, төртінші қабаттан балкон арқылы үшінші қабатқа түсіп, әріптесі ұсынған су құтыларымен өртті толық сөндіріп шықты.

– Қызметкерлердің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілерді шақырудың қажеті болмады, – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаменті.

Кейінірек үй тұрғындарының бірі әлеуметтік желі арқылы полицейлерге алғысын білдірді:

– Полицейлеріміздің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Олар жылдам әрі батыл әрекет етті. Әсіресе полиция капитанының физикалық дайындығы таңғаларлық. Оларға сәттілік пен зор денсаулық тілеймін!


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу