8 жасар бала үйде жалғыз қалғанда өрт шыққан – Өскемен
Фото: gov.kz
Өскемен қаласындағы Виноградов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 9-қабатындағы пәтердің балконынан өрт шықты.
Жақын жерде жүрген полиция қызметкері Жандос Рахметұлы мен үй иелерінің көршісі Думан Рахымбаев жалынды байқап, оны сөндіру үшін үйге жетуге асыққан, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оларға пәтердің есігін үйде жалғыз қалған 8 жасар бала ашқан көрінеді. Думан мен Жандос жалынды сөндіре жүріп, өрт сөндірушілерді шақырған. Оқиға орнына жеткен ШҚО ТЖД құтқарушылары 4 шаршы метр аумаққа таралған өртті сөндірді.
ШҚО ТЖД болжамы бойынша, өрт кондиционерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамағандықтан шыққан.
Өртті сөндіруге 7 техника мен ШҚО ТЖД жеке құрамының 22 қызметкері жұмылдырылды.