Мектептерде дрондарды басқаруға үйрететін үйірмелер ашылып жатыр

pexels.com
Қазақстанның 1100 мектебінде оқушыларды дрондарды басқаруға баулу басталды. Бұл — еліміздің білім беру жүйесінде заманауи технологияларды енгізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Квадрокоптерлермен жұмыс істеу – робототехника аясындағы жаңа бағыт. Бұл үйірмелер оқушыларды дрондарды құрастыруға, бағдарламалауға және басқаруға үйретіп, олардың техникалық ойлау қабілетін, инженерлік дағдыларын, шығармашылық және практикалық машықтарын дамытады.
Бүгінде еліміздегі 1100 мектепте STEM-зертханалар негізінде дрон үйірмелері ашылған. Оқушылар тек теориямен шектелмей, өз қолдарымен жұмыс істеп, нақты жобалармен айналысуда.
Мұндай үйірмелерге қатысушылар түрлі робототехника сайыстарына белсенді қатысып келеді. Жуырда өткен Aspan Drone Competition ұлттық турнирінің жеңімпаздары Қазақстан атынан халықаралық деңгейде бақ сынамақ.