Кене шағу: ШҚО-да 76 адам медициналық көмекке жүгінген
depositphotos.com
9 сәуірдегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында кене шағу деректері бойынша медициналық көмекке 76 адам жүгінді. Олардың 21%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.
Аурудың алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин 95% адамға егілді. Ал 5% (4 адам) түрлі себептермен, атап айтқанда, медициналық мекемелерге кеш жүгінгендіктен немесе кене шағуы эндемиялық емес аймақта орын алғандықтан, алдын алу шараларын алмаған.
Облыстағы эндемиялық аймақтарда орналасқан медициналық мекемелерде кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин қоры жеткілікті. Бұл дәрі-дәрмектер кене шағудан зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсетуге арналған.
Кене энцефалиті бойынша табиғи ошақтар саналатын аймақтар: Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонайха аудандары, сондай-ақ Риддер мен Өскемен қалаларының маңайлары.
Эпидемиологиялық маусым кезінде облыстың барлық эндемиялық аумақтарында медициналық ұйымдар жанынан серопрофилактика пункттері жұмыс істейді. Өскемен қаласы бойынша мына мекемелерге жүгінуге болады.
Ересектерге арналған пункт: №4 қалалық аурухана, Серікбаев көшесі, 1/5.
Балаларға арналған пункт: Ана мен бала орталығы, Қазыбек би даңғылы, 11.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға табиғатқа шыққанда абай болуды ескертеді.