Қосымша техника тартылды: Өскемен – Алтай автожолында тәулік бойы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде

2025 жылғы 15 сәуір күні кешкі уақытта республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 57-шақырымында жол жиегінің жартылай шайылуы тіркелді. Бұл жағдай беткейлерден ағылған еріген сулардың жиналуы салдарынан орын алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқиға орнына жедел түрде «ҚАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалының басшылығы мен жолды пайдаланушы ұйым өкілдері жетті. Қазіргі уақытта мұнда мамандар жұмыс жүргізіп жатыр: қауіпті учаске қоршалып, қалпына келтіру шаралары қолға алынған. Жағдайды тұрақтандыру үшін жартасты топырақ пайдаланылып, «Kurylys Group RK» ЖШС мердігер ұйымының техникасы – екі экскаватор мен бес самосвал жұмылдырылды.
Сондай-ақ, автокөлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 15 сәуір күні сағат 20:50-ден бастап жолдың 6–166 шақырым аралығында (Ушанов ауылынан Алтай қаласына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Қазіргі кезде жол жабынын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жолшылар жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қолайсыздықтарды азайту үшін бар күштерін салып еңбек етуде. Жағдай жергілікті әкімдік пен жауапты қызметтердің тұрақты бақылауында.