KZ
Өскемен
-19°
туман жел 2 м/с, СБ
509.63 592.34 6.54

Ақынға университет профессоры атағы берілді

19.04.2025, 13:00 524 Гульжан Мусина

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын әрі әдебиеттанушы Дәулеткерей Кәпұлымен шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Арқалы ақынмен өткен әсерлі кездесуді университет ректоры Мұхтар Төлеген ашып, руханиятқа қосқан үлесі үшін Дәулеткерей Кәпұлына оқу орнының «Құрметті профессоры» атағын табыстады.

Ақын, айтыскер, әдебиет жанашыры Дәулеткерей Кәпұлы – Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келіп, Еуразия ұлттық университетінде ұстаздықтан бастап, әдебиет пен мәдениет саласында табысты еңбек етіп келе жатқан тұлға. Бүгінде ол Астанадағы АЛЖИР музейінің директоры әрі Бірлескен мұражайлар дирекциясы директорының орынбасары қызметін атқарады.

– Бұл кездесу – болашақ қалам иелері үшін рухани демеу, шабыт көзі болды, – деді кешке қатысушылар.

Кеш барысында республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Серік Қуанғанұлы жырдан шашу шашып, Amanzholov University студенттік «Шабыт» театры поэтикалық қойылым көрсетті. Студенттер ақынға арналған арнау өлеңдерін оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жиынға облыстық мәдениет және ішкі саясат басқармаларының басшылары Самат Қасенов пен Ернұр Бурахан, ҚР Жазушылар одағы ШҚО филиалының басшысы Әлібек Қаңтарбаев, сондай-ақ өңірге белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізген Ернұр Бурахан ақынның иығына шапан жауып, ыстық ықыласын білдірді.

– Дәулеткерей – айтыс сахнасына 90-жылдары жарқ етіп шыққан ерекше тұлға. Оның поэзиясы – терең философия мен ұлттық бояудың синтезі. Ол Баян-Өлгейден қазақ руханиятының саф алтындай тұнығын ала келді, – деді жазушы, публицист Әлібек Қаңтарбаев.

Кеш соңында ақын студенттермен ашық сұхбат құрып, шығармашылық бағыттағы сауалдарға жауап берді. Шара руханият пен жас буынның арасындағы алтын көпірге айналды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу