Өскеменде «Мен – кәсіпкермін» облыстық турнирі өтті (видео)
Қазақстан-Американдық Еркін университетіне қарасты Өскемен экономика және техника колледжі, облыстық Білім басқармасы мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен студенттер мен оқушылар арасында дәстүрлі «Мен – кәсіпкермін» атты облыстық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыстың мақсаты – жастарды сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, табыс табуға ынталандыру, кәсіпкерлікке бейімділігін арттыру. Биылғы байқауға облыс орталығынан және төрт ауданнан 13 колледж бен 14 мектептен 62 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 23-і командалық, ал 39-ы жеке орындалған жұмыстар. Жобалардың тең жартысы қазақ тілінде, қалғаны – орыс тілінде ұсынылды.
Байқау 10 номинация бойынша өтті: әлеуметтік кәсіпкерлік, сауда, қызмет көрсету, өндіріс, шоу-бизнес және мәдениет, технологиялар, білім және цифрлық шешімдер, медицина, туризм және экология. Қатысушылар өз жобаларын сарапшылар алқасының алдында қорғап, креативті идеяларымен көзге түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнир жастарға шабыт беріп қана қоймай, болашақта өз бизнесін бастауға алғашқы қадам болып табылады. Үздік жобалар республикалық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік алады. Барлық қатысушылар мен олардың жетекшілеріне дипломдар мен сертификаттар табысталды.
Арайлым Орсаринова
Фото/Видео: Ермек Жиенбеков