Өскеменде «Human Capital-2025» жұмыс берушілер форумы өтті
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде адами капиталды дамыту, білім беру сапасын арттыру және мансапты жоспарлау идеяларын интеграциялауға бағытталған «Human Capital-2025» жұмыс берушілер форумы өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» туралы Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Форумға ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Адылхан, ШҚО Кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Ләззат Кездікбаева және өңірдегі білім бөлімдерінің басшылары қатысты.
Форум аясында білім беру мекемелері басшыларына арналған «Білім берудегі инновацияларды басқару: идеядан нәтижеге дейін» тренингі және «Білікті жұмысшы – бәсекеге қабілетті маман» атты шеберлік сабағы өтті. Спикерлер қатарында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО филиалының директоры Жанар Буканова, «УМЗ» АҚ кадрлармен жұмыс істеу тобының жетекшісі Мадина Мұхамеджанова, «Феликс Астана» ЖШС бас директоры Баян Тойкебаева және басқа да сарапшылар болды.
Форумда қатысушылар білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының өзекті талаптарына бейімдеу, болашаққа қажетті құзыреттерді қалыптастыру және тәжірибеге негізделген оқытудың рөлі туралы ой бөлісті. Осы бағытта Amanzholov University-де 17 мамандық бойынша дуалды оқыту элементтері енгізілген. Университет жанындағы 25 кафедра филиалында студенттер кәсіби тәжірибеден өтеді.
Іс-шара соңында көпжылдық серіктес ұйымдар «Үздік жұмыс беруші–2025» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздар қатарында ҚР Ұлттық ядролық орталығы, ШҚО полиция департаменті, «VK LAB SERVISE» ЖШС, «Ақ Ниет» мектеп-интернаты, Балалар музыка мектебі және Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей бар.
Арайлым Орсаринова