KZ
Өскемен
-18°
туман Штиль
508.91 594.36 6.33

Өскеменде жас волейболшылардың турнирі басталды

25.04.2025, 12:00 946 Айна Бакимбаева

Бүгін Өскемен қаласында Зайсан ауданының қыздар волейбол командасының капитаны болған Жұлдыз Ахметсәлімқызын еске алуға арналған 2008–2011 жылы туған қыздар арасындағы волейболдан облыстық ашық біріншілік басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Турнирге еліміздің әр өңірінен 14 команда қатысып отыр. Жарыс облыстық деңгейде өткізілгенімен, ашық форматта ұйымдастырылғандықтан, Астана, Жетісу, Абай облыстары, Семей қаласы және Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан спортшылар жиналды. Жарыс екі күнге созылады.

Облыстық волейболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры Болатбек Даумовтың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – 1–10 мамыр аралығында Тараз қаласында өтетін жастар ойындарына үздік командаларды іріктеу.

— Қатысушы командалардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Бұл жарыс жастар арасында волейболдың дамуына үлкен серпін береді, – деді Болатбек Айшабекұлы.

Жұлдыз Ахметсәлімқызын еске алу турнирі бұған дейін 19 жыл қатарынан Зайсан ауданында өтсе, биыл 20-рет ұйымдастырылып, облыс орталығында республикалық деңгейде өткізіліп отыр.

Жұлдыз Әбішева 1990-жылдары волейболды дамытуға белсенді атсалысып, командасына киім-кешек пен құрал-жабдықты өзі жеткізіп, жаттықтырып, демеушілік еткен. Көптеген жарыстарда жүлделі орындарға ие болған команда бүгінде оның ісін жалғастырып келеді.

— Бұл турнирдің жалғасуы – Жұлдыздың ісінің өлмегенінің дәлелі. Спортты, әсіресе қыздар арасындағы волейболды дамытуға көп үлес қосқан тұлға ретінде халық жадында сақталады. Бүгін оның арманын жүзеге асыруға үлес қосып жатқан барша жандарға алғысымыз шексіз, – деді марқұмның туысы Өтеш Сағындықұлы.

Турнирдің бас төрешісі Сәуле Серікбаеваның айтуынша, бұл жарыс тек сайыс қана емес, спортты насихаттау алаңы.

Жарыс Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен және марқұмның туыстарының демеушілігімен ұйымдастырылуда. Бұл турнир – салауатты өмір салтын насихаттау мен жас спортшыларды қолдаудың жарқын үлгісі.

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу