KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Өскемендегі Республика алаңы маңына қарағай көшеттері егілді

30.04.2025, 17:30 408 Төлеуғазы Жансая

Өскемен қаласында көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін Қазақстан көшесі бойындағы трамвай жолының жанына 38 түп қарағай көшеті егілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Тазалық дегеніміз – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Еліміздегі әр азаматтың жаны таза, қолы мен ісі таза болса, шын мәнінде озық ойлы ұлтқа айналамыз, – деген еді Мемлекет басшысы.

Экологиялық бастаманы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, мәслихат депутаттары мен еріктілер қолдап, жас көшеттерді отырғызу жұмысына белсене қатысты.

– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қарағай көшеттерін отырғыздық. Қаланы жасыл желекке бөлеу ісін көлік қозғалысы тығыз жүретін орталық аумақтан бастадық, – деді облыстық мәслихат депутаты Зоя Новолодская.

Қарағай – табиғи сүзгі қызметін атқаратын, қалалық ортаға жақсы бейімделетін, ауа құрамындағы зиянды заттарды сіңіріп, ортаны тазартып тұратын, төзімді әрі көпжылдық ағаш түрі. Басқа ағаштарға қарағанда қарағайдың тозаң мен газға төзімділігі жоғары, ал шаң мен көлік түтінін сіңіру қасиеті күшті. Сондықтан қала ауасын жақсарту үшін дәл осы ағаш түрі таңдалған.

Отырғызылған көшеттердің жерсініп, толыққанды өсуі үшін тұрақты түрде күтім жасалатын болады.

«Таза Қазақстан» тек сенбілікпен немесе айналаны тазалаумен шектелмейді. Бұл – көгалдандыру, экологиялық мәдениетті арттыру, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру сынды бағыттарды қамтитын кең ауқымды мемлекеттік бастама. Алғашында акция ретінде басталған бұл жоба бүгінде елдік мәнге ие жүйелі бағдарламаға ұласты.

Мұндай бастамалар қала тұрғындары мен жастарының экологиялық ойлауын қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу