Нұрымбет Сақтағанов: «Сіздер – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған жандарсыздар» (видео)
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданына қарасты Подгорное ауылында соғыс майданында ерлік көрсеткендер мен тылда еңбек еткендерге тағзым жасалды. Батырларға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ардагерлерге сый-сияпат табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Подгорное – жай ғана ауыл емес. Бұл – үш Кеңес Одағы батыры дүниеге келген қасиетті мекен. Оның тарихы халқымыздың соғыстағы жанқияр ерлігімен тығыз байланысты. 1941 жылы көптеген подгорноелықтар майданға аттанып, өкінішке қарай, көбісі елге оралмады.
Салтанатты шараның шарықтау шегі тыл еңбеккері, жергілікті тұрғын Елизавета Бикбаеваға «Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалін табыстау болды. Ол соғыс жылдары колхозда, егістікте, фермада, өндірісте аянбай еңбек еткен.
Қарт ардагер алғыс білдіріп, жылы сөздердің өзіне ерекше дем бергенін айтты.
Жергілікті мектептегі жауынгерлік даңқ музейінде оқушылар өз ауылдарынан шыққан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі жайлы баяндап, олар жайлы деректерді сақтап отырғанын жеткізді.
Мереке соңында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды. Самар ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Баянды Қожамбетовтің айтуынша, Ұлы Жеңістің мәні – тек тарихта емес, рухани бағдарда.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай















