Күршім: Ақсуаттық ардагерлерге Жеңістің 80 жылдығы медалі табысталды
Ұлы Жеңіс – тек майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлердің ғана емес, тылда бел жазбай еңбек еткен жандардың да ортақ мерекесі. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданның қажеті үшін тынымсыз тер төккен тыл еңбеккерлері бейбіт өмірдің іргетасын қалауға зор үлес қосты. Биыл Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Зайсан көлі жағалауындағы Ақсуат ауылында тұратын қос тыл ардагері – Қырықбай Елубаев пен Гүлсім Жақиянова мерейтойлық медальмен марапатталды.
Балықшы ауылдық округінің әкімі Ержан Тлеубаев мереке қарсаңында ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтап, медальдарын табыстады. Сонымен қатар сый-сияпат жасап, ел еңбегін елеп, құрмет көрсетті.
Қырықбай Елубаев 1937 жылы Күршім ауданының Аманат ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында бала болса да, үлкендермен бірге бел жазбай еңбек еткен. Кейін әскер қатарында болып, ауылға оралған соң балықшы, механик болып қызмет атқарды. 1997 жылы зейнетке шыққан ардагер бүгінде Ақсуат ауылында жиендерінің қолында тұрып жатыр.
Ал 1936 жылы дүниеге келген Гүлсім Жақиянова да соғыс жылдары қатарластары қатарында тылда еңбек еткен. Қазіргі уақытта Кенже ұлы Мерхаттың шаңырағында тұрып жатқан алтын алқа иегері – немерелерінің сүйікті әжесі.
Марапатталған қос ардагер – ел тарихының тірі куәгерлері. Олардың ерлікке толы еңбек жолы – бүгінгі ұрпақ үшін тағылым мен тәрбие мектебі.





