«Соғыс жылдарында»: Өнер музейінде Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ашылды (видео)
Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Соғыс жылдарында» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауқымды экспозицияда соғыс жылдарындағы ауыр кезеңнің шежіресін бейнелейтін кескіндеме мен графикалық туындылар қойылған. Бұл шығармалардың біразы тікелей майдан даласын көзімен көрген, соғысқа қатысқан суретшілердің қолынан шыққан. Олар туындыларында тек шайқас сәттерін ғана емес, тылдағы тынымсыз еңбекті, майдан мен ауыл арасындағы байланыс, адамдардың жанкешті тіршілігін жан-жақты суреттеген.
Көрме аясында музей қорының құнды жәдігерлері, соғыс жылдарындағы салынған портреттер мен оқиға орнында жазылған естеліктер қойын дәптерлерінен алынған үзінділер ұсынылған. Сондай-ақ, көрмемен қатар ұйымдастырылған жылжымалы экспозициялар қаладағы мектептер мен оқу орындарын аралап, оқушыларға тарихи мағлұмат беруді көздейді.
Көрменің басты мақсаты – Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігін, тылда еңбек еткен жандардың жанқиярлығын ұрпаққа жеткізу. Мұндай шаралар жас буынның тарихи санасын жаңғыртып, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға сеп болады.
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай







