Павел Стрехоға Президенттің марапаты табысталды (видео)
Жеңіс күні қарсаңында ардагерге айрықша құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Павел Стрехоны Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, мерекеге орай естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын ұсынып, ардагерге Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы төс белгі тақты.
Павел Еремеевич 1926 жылы 23 ақпанда Марқакөл ауданында дүниеге келген. 17 жасында әскер қатарына шақырылып, кіші командирлер мектебінен кейін үшінші Белорусь майданында жауынгерлік жолын бастады. Соғыс аяқталар тұста Жапонияға қарсы әскери қимылдарға қатысып, ерлігімен ерекшеленген.
Кездесу барысында ардагер жауынгер достары мен от кешкен күндерін еске алып, бүгінгі бейбіт өмірдің қадіріне тоқталды.
Айта кетейік, Павел Еремеевич «Даңқ» орденінің III дәрежесімен, «Отан соғысы» орденінің I дәрежесімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Жуков» медальдарымен марапатталған.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников











