Шығыс Қазақстанда жаңа форматтағы екі заманауи мектеп салынып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Биыл өңірде жаңа стандарттарға сай, заманауи жабдықталған екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Аталған мектептердің бірі — 300 орындық оқу орны Глубокое ауданына қарасты Опытное Поле ауылында салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының аяқталу көрсеткіші 88%-ды құрайды. Мектепті маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Екінші мектеп — 600 орынға арналған, Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылында бой көтеріп жатқан білім беру мекемесі. Оның дайындығы қазір 67% деңгейінде, ал құрылыс шілде айының соңына дейін аяқталмақ.
Аталған екі мектепте де оқу үдерісіне заманауи тәсілдер енгізіледі, кең және жарық сыныптар, пәндік кабинеттер, шеберханалар, спорт залдары мен асханалар қарастырылған. Сондай-ақ инклюзивті білім беру талаптары мен энергия үнемдеу стандарттары толық ескерілген.
Айта кетейік, бұған дейін өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында бес заманауи мектеп пайдалануға берілген болатын. Бұл оқу орындары Өскемен қаласының Увалиев және Тимофеев көшелерінде, сондай-ақ Шемонаиха, Риддер қалаларында және Белоусовка кентінде орналасқан. Жалпы сыйымдылығы — 2 100 орын. Барлық мектептер облыстық білім басқармасының балансына берілген.
Ұлттық жобаның басты мақсаты — ауыл және қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті азайту, оқушылар үшін сапалы білім алуға лайықты жағдай жасау. Шығыс Қазақстан облысы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.




