ШҚО мен Иран: Агроинвестиция мен әуе қатынасын дамыту талқыланды (видео)
Өскемен шаһарына Иран Ислам Республикасынан арнайы келген делегацияны Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар қабылдады. Бұл кездесу – биылғы ақпанда Тегеранда басталған сауда-экономикалық диалогтың жалғасы ғана емес, ауыл шаруашылығы мен көлік логистикасы бағытында нақты қадамдарға бастар маңызды басқосу болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Келіссөздің өзегі – мал шаруашылығы. Атап айтқанда, қой етін Иранға экспорттау, ұсақ мал басын көбейту және өңірге ирандық инвестиция тарту сынды өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Иран ет өнеркәсібі қауымдастығының құрылтайшысы Масуд Расулидің айтуынша, Иран тарапы елімізде мал өсіріп, сойып, өнімін өз елдеріне тасымалдауға ниетті. Бұл үшін тиімді жағдай жасалып, арнайы инфрақұрылым әзірленсе, Өскемен өз кезегінде Парсы шығанағына тікелей ет жөнелтетін орталыққа айналуы ғажап емес.
Сапар барысында екі ел арасындағы тікелей жолаушы және жүк әуе рейсін ашу мүмкіндіктері де сөз болды. Тараптар бұл бағытта Өскемен әуежайының басшылығымен келісімге келуге әзір екендіктерін жеткізді.
Жақсылық Омар өз кезегінде ирандық кәсіпкерлердің назарын тек қой шаруашылығына емес, өңірде бау-бақша өнімдерін өсіру, дәрілік өсімдіктерді жинау мен өңдеу ісіне де аударып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болатынын атап өтті. Бұл ұсыныстарды ирандық делегаттар құптай қабыл алды.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту, сауда, туризм және бірлескен өндіріс салаларында байланыстарды кеңейту жөніндегі ұсыныстарды қолдап, алдағы нақты жобаларға ниет білдірді.
Ал түстен кейін Ираннан келген делегация Өскемендегі бірқатар өндірістік және сауда нысандарын аралады. Делегаттар алдымен «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында болып, көкөніс пен жеміс сақтау инфрақұрылымымен танысты. Сонан соң олар «ALTAI MAI» мультидақылды май экстракция зауытына барды.
Сапардың мақсаты – өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын бағалау, сақтау және өңдеу мүмкіндіктерін зерделеу арқылы кәсіпорындардың әлеуетін жаңа экспорттық нарықтарға шығару бағытында қарастыру болды.
Айта кетейік, Иран делегациясы 15 мамырға дейін Шығыс Қазақстанда болады. Осы уақыт аралығында олар жергілікті кәсіпкерлермен b2b форматында кездесулер өткізіп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін сараламақ.
Фото: Жібек Нұрахмет