KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 2 м/с, Ю
480.63 535.13 5.27

ШҚО-ға Иран Ислам Республикасының Бас консулы келді

2.08.2023, 15:58 322 Оразай Жеңісұлы

Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Алматы қаласындағы Бас консулы Мохсен Фағани Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Иран Елшілігінің өкілімен облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов кездесті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық байланыс жөнінде әңгіме өрбітті. Дархан Бақытжанұлы Шығыс өңірінің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм саласында әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

– Өңірімізде Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты сынды бірқатар ірі өндіріс ошақтары бар. Кездесуден кейін кәсіпорындарды өзіңіз де аралап көрерсіз. Шығыс Қазақстан облысы көптеген сала бойынша аймақтардың алдыңғы шебінде. Мәселен, күнбағыс майын өндіруден көшбасшы өңірдің бірі – біз. Шығыста туризм саласындағы кез келген жоба түрленіп шыға келеді. Бұл сөзімізге аймақтың тұмса табиғаты айғақ. Бір сөзбен айтқанда, бірлесіп жұмыс істеу екі жақтың өкілдеріне де тиімді болмақ. Сондықтан бірден қос тараптан жауапты адамдарды тағайындап, тығыз байланыс орнатып, іске кірісіп кетуді жөн санап отырмыз, – деді өңір басшысының орынбасары Дархан Сапанов.

 Бұл ұсынысты Иран тарапы да қолдап отыр. Елшілік өкілі екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүдделі екенін жеткізді.

– Өздеріңіз білетіндей, Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері өткен жылы бірнеше мәрте кездесті. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түсті. Сондай-ақ биыл сәуір  айында Қазақстан Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барып, маңызды келіссөздер жүргізді. Екі ел осы уақытқа дейін бірлесе отырып, бірқатар экономикалық оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Біз енді сіздермен экономикалық ықпалдастықтың жаңа деңгейіне көтерілсек дейміз, – деді Мохсен Фағани.

Кездесуде өткен жылы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 20 пайызға артып, 528 АҚШ  миллион долларына тең болғаны айтылды. Соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Иран  арасындағы тауар айналымы 15 миллион АҚШ долларына жеткен.

Бас консулдың айтуынша, Иран Ислам Республикасы бізге полимер және мұнай-химиялық өнімдерді экспорттай алады. Ал батысазиялық ел Шығыстың ауыл шаруашылығына қолайлы құнарлы жерлеріне қызығушылық танытып отыр.

Дархан Сапанов өңір басшылығының кез келген жобаны талқылауға әзір екенін жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив