KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Үлкен Нарын ауылындағы оқиға бойынша тергеу басталды (видео)

15.05.2025, 10:20 605 Айдос Мырзахметов

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеше орын алған қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл түрде Үлкен Нарын ауданына барды. Үлкен Нарын ауылында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, «Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері — дәнекерлеуші Ержан Айтпаев (1983 жылы туған) және слесарь Сергей Кастерин (1970 жылы туған) қаза тапты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оқиға орнында облыс әкімі арнайы комиссия мүшелеріне өндірістік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы регламенттерді түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті.

– Айдың, күннің аманында өндірістік жарақаттан мұндай жағдайлардың орын алуы – өте өкінішті. Мұндайға жол берілмеуге тиіс. Барлық мекеме мен кәсіпорындар ең алдымен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына басымдық беруі қажет. Экономикалық нәтиже – кейінгі кезекте қаралатын мәселе. Өз тарапымыздан зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Салалық құрылымдарға кешенді тексеріс жүргізуді тапсырдым. Оқиғаның себеп-салдарын анықтап, жауапты тұлғаларды заң аясында анықтау қажет. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда, – деді өңір басшысы.

Оқиғаны тергейтін комиссияның төрағасы Шығыс Қазақстан облысының бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, алдағы он күн ішінде оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылатын болады. Қорытынды материалдар құқық қорғау органдарына және сот инстанцияларына беріледі.

Облыс әкімі өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне кешенді түрде қарау қажеттігін ерекше атап өтіп, әсіресе адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.

Қаза болған азаматтардың отбасыларына республикалық бюджет есебінен өтемақы төленеді. Сонымен қатар, заңнамада көзделген сақтандыру тетіктері арқылы тиісті төлемдер қарастырылған. Өңір басшысы марқұмдардың туыстарымен кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтынын және барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу