Үлкен Нарын ауданында қайғылы жағдай тіркелді: облыс әкімі оқиға орнына барды
14 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында су құбырын жөндеу барысында қайғылы жағдай орын алды. Абылайхан көшесіндегі жұмыстар кезінде «Нарын КомХозСервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің екі қызметкері топырақ астында қалып, қаза тапты. Марқұмдардың бірі 1983, екіншісі 1970 жылы туған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқиға туралы ақпарат түскен бойда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жағдайды жеке бақылауына алып, оқиға орнына барып, мән-жайды зерделеді. Сондай-ақ облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды.
Облыс әкімдігі қаза тапқан азаматтардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Қазір нақты себептерді анықтау мақсатында тиісті сараптамалар мен тергеу шаралары жүргізілуде.