KZ
Өскемен
-8°
плотный туман жел 1 м/с, С
505.53 593.44 6.34

«Жасөспірім» іс-шарасы: 5200 қараусыз қалған бала анықталды

16.05.2025, 17:00 1 665 Гульжан Мусина

10 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Бұл шараның басты мақсаты – балаларды қауіпті жағдайлардан қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қажет болған жағдайда уақтылы көмек көрсету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, іс-шара барысында полиция бөлімдеріне 23,5 мыңнан астам жасөспірім жеткізілді. Олардың ішінде 124-і қылмыс жасағаны үшін, ал 18,5 мыңнан астамы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін ұсталды. Барлық жасөспірімге құқықтық баға беріліп, профилактикалық қолдау көрсетілді.

5200-ден астам қараусыз қалған бала анықталып, қауіпсіз орындарға орналастырылды. 853 жасөспірім бейімдеу орталықтарына жіберіліп, әлеуметтік және психологиялық көмек алды.

Шара барысында 26 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 3 мыңнан астамы — бала тәрбиесіне салғырт қараған ата-аналарға қатысты. Сонымен қатар, 532 ұсақ бұзақылықтың және 344 кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға әрекеттенудің жолы кесілді.

Полиция қызметкерлері түнгі уақытта үйден тыс жүрген 20 мыңға жуық баланы анықтады. Олардың кейбірі ойын-сауық орындарында болған.

Аталған іс-шара жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайтуға және оларды әлеуметтендіруге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу