Қытайлық мамандар ШҚО дәрігерлерімен тәжірибе бөліспек
Шығыс Қазақстан облысынан барған делегация Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына (СҰАА) сапары аясында Алтай аймақтық дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасында болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл үшінші деңгейлі көпсалалы медициналық мекеме – емдеу, шұғыл көмек, оңалту, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін біріктіретін маңызды орталықтардың бірі. Аурухана клиникалық қазақ медицинасы, дәрілік заттарды өндіру мен кадр даярлау бағыттары бойынша СҰАА көлемінде көшбасшы саналады.
Қазіргі уақытта аурухана базасында 28 түрлі ішкі өндірістегі дәрі-дәрмек шығарылады, олардың барлығы автономиялық ауданның ресми лицензиясына ие. Сонымен қатар заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтылған: GE компаниясының 64 тілімді компьютерлік томографы, 1,5 Тесла магнитті-резонанстық томографы, Philips маркалы УДЗ құрылғылары және Olympus тораколапароскопиялық аппараттары сынды жоғары технологиялық құралдар бар.
Сапар барысында тараптар медициналық білім мен тәжірибе алмасу мәселесін де талқылады. Маусым айында ШҚО дәрігерлеріне арнайы шеберлік сабақтарын өткізу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар Өскемен қаласында дәстүрлі қытай медицинасына негізделген бірлескен кәсіпорын ашу жоспары қарастырылуда.
ШҚО мамандарының айтуынша, қытайлықтардың дәстүрлі және заманауи медицинаны тиімді үйлестіру тәжірибесі өңірдегі медицина саласын жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Фото: Махаббат Ахметжанова





