ШҚО делегациясы «Ұлы Алтай» халықаралық конференциясына қатысады
20 мамырда Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алтай қаласында «Ұлы Алтай» атты субөңірлік ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конференция өтпек. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация аталмыш шараға қатысып, Алтай төрінде әріптестік әңгіме өрбітпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Делегация құрамында облыстық басқармалардың өкілдері, аудан әкімдері, сондай-ақ бизнес қауымдастықтың өкілдері бар.
ШҚО делегациясы сауда және экономика, білім беру, ғылым мен техника, ауыл шаруашылығы мен экология, мәдениет, туризм мен спорт, сондай-ақ шекаралық өткізу пункттерін дамыту тақырыптары бойынша өтетін конференция сессияларына қатысады.
Сапар аясында ШҚО әкімінің Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысымен және СҰАА халық үкіметінің төрағасымен ресми кездесуі жоспарланған.
Бағдарламаға сәйкес, делегация Алтай политехникалық колледжіне, табиғи төмен дейтерийлі мұздық су өндіретін «Синьцзян Сюэду» компаниясына және Алтай аймағындағы дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасына барып, өңір тынысымен таныспақ.
Кездесулер барысында тараптар әртүрлі сала мен бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік беретін жаңа өзара іс-қимыл нүктелерін айқындау көзделуде.


