ШҚ облыстық ауруханасында заманауи томограф іске қосылды

Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында жоғары дәлдік пен жылдамдыққа ие заманауи Philips Incisive CT 128 компьютерлік томографы іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа құрылғы медициналық тексерулердің сапасын айтарлықтай арттырып, диагноз қою процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Жаңа томографтың тағы бір маңызды артықшылығы – нейропакетінің болуы. Бұл құрылғы арқылы бас миының КТ-перфузиясын жүргізуге мүмкіндік бар, әсіресе, ишемиялық инсультті диагностикалауда тиімді. Дәрігерлер ми зақымданған аймақты жедел анықтап, емдеу тактикасын дұрыс таңдай алады, бұл инсульттің салдарын барынша азайтуға көмектеседі.
Қазіргі заманғы сканерлеу жүйесі тәулігіне 50-ге дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді, бұл аурухананың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады. Жаңа құрылғыда тек ШҚО облыстық ауруханасының пациенттері ғана емес, сондай-ақ отбасылық емханаларда тіркелген амбулаторлық науқастар мен компьютерлік томографиясы жоқ өзге де медициналық мекемелердің, соның ішінде Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының пациенттері де тексеруден өте алады.