ШҚО делегациясы ҚХР Алтай политехникалық колледжінде болды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары аясында Алтай қаласындағы Алтай политехникалық колледжіне барды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған оқу орны — қысқы спорт түрлері мен туризм бағыттарына маманданған жоғары кәсіптік білім беру мекемесі. Колледж құрамында төрт негізгі құрылым жұмыс істейді: Марксизм институты, Қысқы спорт түрлері институты, Туризм институты және Ауылдық аумақтарды дамыту институты.
Колледж өкілдерінің айтуынша, аймақтың шаңғы спортының отаны саналатын табиғи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мұнда арнайы салалық кластерлер дамып келеді. Олар автономиялық ауданның он ірі кластері мен өңірдің бес басым бағытына – «жасыл тау-кен өнеркәсібі», «таза энергетика», «ауқымды туризм», «денсаулық сақтау» және «ауқымды ауыл шаруашылығы» бағыттарына тығыз байланысты.
ШҚО делегациясы Қысқы спорт түрлері институтында болды. Мұнда делегация мүшелері көне аң терісінен жасалған дәстүрлі шаңғылар шеберханасымен танысты. Шеберханада бұл бұйымдарды жасаудың төртінші буын мұрагері Сыранбек Шахыш жұмыс істейді.
Сонымен қатар делегация оқу-өндірістік кешенді аралап, қар мен мұз жабдықтарына техникалық қызмет көрсету залына, құрғақ керлингке арналған жаттығу залына, сондай-ақ профессор Шань Чжаоцзянның жеке шеберханасына барды. Айта кетейік, Шань Чжаоцзян – Жаңа Қытай тарихындағы алғашқы шаңғы чемпионы, сондай-ақ «Алтай – адамзаттың шаңғы спортының бесігі» тұжырымдамасының насихаттаушысы.
Туризм институтында орналасқан Сауықтыру орталығында қонақтар дәстүрлі және заманауи оңалту әдістерін біріктіретін оқу зертханаларын көрді. Мұнда студенттер физиотерапия, кинезиотерапия, инемен емдеу, туйна массажы, еңбек терапиясы секілді әдістерді меңгереді.
Институт өкілдерінің айтуынша, оқу үдерісінде дәстүрлі қытай медицинасы мен заманауи оңалту тәсілдері біріктіріліп, болашақ мамандар кешенді білім алып шығады.
Климаты мен табиғи жағдайлары Шығыс Қазақстанға ұқсас бұл өңірден алынған оң тәжірибе аймақтың оқу орындарына енгізілуі мүмкін.











