KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями Штиль
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Шығыс Қазақстан делегациясы Қытайда өтіп жатқан халықаралық семинарға қатысып жатыр

21.04.2025, 10:30 551 Гульжан Мусина

2025 жылғы 21–25 сәуір аралығында Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұйымдастырған халықаралық семинар өтуде. Аталған іс-шара цифрлық технологиялар саласында білім беру, туризм және IT бойынша кадрларды даярлау мен дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Семинарды Қытай–ШЫҰ аясындағы Үлкен деректер саласындағы ынтымақтастық орталығының Синьцзяндық бөлімшесі ұйымдастыруда. Бағдарлама «ШЫҰ ағашы» бастамасы аясында іске асырылуда және бес күндік оқу курстарын, қатысушы елдер арасындағы тәжірибе алмасуды, сондай-ақ Қытайдың ірі IT-хабтары мен цифрлық даму индустриалдық парктерімен танысу шараларын қамтиды.

Халықаралық семинарға Шығыс Қазақстан облысынан Білім басқармасының өкілдері, жоғары оқу орындары, Өскемен, Риддер және Марқакөл қалаларындағы колледж басшыларының орынбасарлары, креативтік индустрия мен бизнес саласының өкілдері қатысты.

Семинарға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей елдерінің делегациялары да қатысуда. Бұл ШЫҰ аясындағы көпжақты әріптестіктің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Іс-шараның ашылуында Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы қатысушыларды құттықтап, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін білдірді.

Қазақстандық делегацияға жетекшілік еткен «РСС групп» компаниясының директоры, Шығыс Қазақстан облысы туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов өз сөзінде бұл семинардың Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара байланыстарды нығайтудағы, білім мен тәжірибе алмасудағы және негізгі салаларда инновациялық шешімдерді енгізудегі маңызын атап өтті.

— Қытай — біздің елдеріміз үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Бізді көпжылдық тығыз ынтымақтастық пен географиялық жақындық байланыстырады. Шығыс Қазақстан Қытаймен тікелей шекараласады, бұл өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше мүмкіндік береді — әсіресе білім беру, цифрландыру, технология алмасу және туризм салаларында, — деді ол.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу